Мияжапырақ таспа- бұршақ тұқымдастырына жататын өсімдік. Аталған өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Оның ұсақ ақ- сарғыш түстес гүлдері бас тәрізді гүлшоғырға жинақталған. Таспа сирек кездесетін түр.

Батыс- Алтай мемлекеттік табиғи қорығында аздаған куртиналармен кездеседі. Шалғындарда, сиретілген қайыңды- қылқанды ормандарда өзен бойымен өседі, мамырдың соңынан маусымның ортасына дейін гүлдейді. Таспаның құрамындағы заттар бүкіл организмнің жағдайына жақсы әсер тигізеді, кәрілікті тоқтатады. Осы қасиеті үшін оны көп халықтарда халықтық медицинада қолданады. Оның қысымды төмендететін, сергітетін, қан тоқтататын, тыныштандыратын, терлететін, несеп айдайтын қасиеті бар, қан тамырларын кеңейтеді. Қақырық түсіретін және дерматит кезінде, скрофулез бен ревматизмде қолданады. Шикізат ретінде барлық бөлігін пайдаланады. Шөбі мен гүлін гүлдену кезінде кеседі, тамырын кеш күзде қазып алады. Сулы тұнбасын гипертоникалық ауруларда қолданады, жүрек- тамыр жүйесінің жағдайын жақсарту үшін, спирттік тұнбасын атеросклерозда пайдаланады, қайнатпасын қан тоқтататын және қатайтатын нәрсе ретінде қолданады.