Тамшылы шолпанкебіс (лат. Cypripedium guttatum) – орхидеялар тұқымдасына жататын bifolia секциясының түрі, шөпті ұзын тамырлы көпжылдық өсімдік.
Тамыры ұзын, сусымалы, жіңішке сым тәрізді. Сабағының биіктігі 10-30 см, безді-түкті. Жапырақтары кішірек ілмешекті жапырақты есептемегенде 2 (сирек 3) болып келеді. Гүлі жалғыз, үлкен, пішіні аяқ киімге ұқсас. Гүлсерігі ақ түсті, үлкен күлгін-қызғылт түсті дақтары бар, екеуінен біріктірілген төменгі гүлсерігі жасыл түсті. Бүйір жапырақтарының ұзындығы 1,5-2 см, ерінтектес ұзындығы 2 см. Жемісі – созылыңқы, төмен қарап тұрады.
Тұқымдық және вегетативті – тамырлы бүршіктермен көбейеді. Гүлдену көктемнің аяғында – жаздың басында байқалады (таралудың әртүрлі аймақтарында). Гүлдер күндізгі және түнгі көбелектермен, шыбындармен, түкті арамен және басқа жарғаққанаттылармен тозаңданады. Тұқымның пісуі мен төгілуі жаздың аяғында – күздің басында болады. Тұқымдар, барлық орхидеялардың тұқымы сияқты, өте кішкентай.
Топтамаларда жиі кездеседі және салыстырмалы түрде кең таралған. Тамшылы шолпанкебіс ашық жерде де, контейнерлерде де өсіріледі. Оның өсіру жұмыстары, әсіресе қысы суық және жазы салқын жерлерде жақсы жүзеге асады. Аязға төзімділік аймақтары: 2-4.
Белая Уба өзенінің жоғарғы бөлігінде кездеседі.
Материалды ҒМЭАжТ бөлімінің маманы Нұрахметова Ә.К. дайындады.
Сурет ғаламтор желісінен алынды.