Қоңыр аюдың ең ірі аталығының салмағы – 450 кг, ал ең ірі
аналығының салмағы – 220 кг болғандығы атап көрсетілген. Қоңыр
аюдың мойны жуан, басы үлкен болып келеді. Құйрығы қысқа, оның
ұзындығы 12-16 см. Қоңыр аюдың азу тістерінің сауыт¬тары жалпақ
әрі бұдырлы, ал күрек тістері өте күшті дамыған. Оның есесіне
жыртқыш тістері онша жетілмеген. Қазақстанда қоңыр аюдың екі түрі
(тянь-шань және оңтүстік сібірқоңыр аюлары) кездеседі. Қоңыр аю
негізінен бір аумақта ғана тіршілік етіп, тек жыл маусымдарының
ауысуына байланысты тау бөктерлерінде биіктікке қарай орын
алмастырып тұрады. Аюлар көктем кезінде апанынан шыққан соң
жыртқыштық мінез танытады, шамасы жеткен тұяқтылар мен өзінен
әлсіз аюларды аямайды. Жерге шөп шыққан соң көк шөпке ірі қарадай
жайылады, емдік шөптердің тамырларын да таңдап қазып қоректенеді.
Құмырсқа илеулерін қазып дернәсілдерін жейді, сонымен қатар орман
борша тышқаның інін сезіп қойса жинап терген бал қарағай
жаңғағымен бірге иесін де жеп қоюға ұялмайды. Жеміс піскенде
қарақат, көкбояу, көкжидек, аю қарақат пен бал қарағай жаңғағымен
қоректенеді. Қыста 5-7 айға дейін ұйқыға кетеді. Ұйқысы онша қатты
емес. Қоңыр аю ағаш дінімен жақсы өрмелей алады. Қыста қалың ағаш
арасындағы таса жерлерде және үңгірлерде апан жасап, сонда ұйқыға
жатады. Апанының ұзындығы 90-150 см, ені 50-100 см, тереңдігін 50
см етіп ойыстау таса жерге жасайды. Оның ішіне шөптесін
өсімдіктерден төсеніш төсейді. Халық арасында аю ұйқыға кеткен
кезде алдыңғы табанының майын сорып жатады деген жаңсақ пікір
қалыптасқан, шын мәнінде аю табанын сормайды.
Материалды аңтанушы Кінәзханов Ж.Н. дайындады.
Фото авторы Клименко А.А.