ШЫРША ОРМАН СӘНІ
19 января 2016
Өсе келе жан-жағына жайыла түсетіндіктен, олардың бір-бірінен немесе өзге ағаштардан арақашықтығы кемінде 6 м болғаны дұрыс. Осы себепті де оны тар аулалардан гөрі, арнайы бақтарға, кең ауласы бар балабақша, мектеп алаңқайларына еккен жөн. Шыршаны ауа тазартатын ерекше қасиетіне қарай, аурухана, шипажайлардың маңына көптеп еккен дұрыс. Шыршаның түрі өте көп. Оның ішінде қылқанының түсі көк, қызғылт, сарғыш және ашық жасыл түрлері көгалдандыруда үлкен қолданыста. Шығыс шыршасының қылқаны сары немесе алтын түсте, ине қылқанды шыршаныкі көк, көкшіл, кәдуілгі немесе еуропалық шыршаның қылқаны қою жасыл, балқындық шыршаныкі күміс түсті немесе сұр болады. Дүние жүзінде 50- ге жуық түрі бар. Түрлеріне қарай 50-150 жыл аралығында өмір сүреді. Қазақстанның таулы аймақтарында бірнеше шыршадан құралған ормандар бар, ал көгалдадыруда он шақты түрі қолданылады. Олардың арасында бойы бір метрден аспайтындары да бар. Тіпті соңғы уақытта жерге жайылып өсетін түрлері де елімізде жерсендіріліп жатыр. Ботаника бағында олардың орны ерекше. Сондықтан сұрыпты, қылқаны көк немесе ашық жасыл түрлерін отырғызған абзал. Шыршаның ағашы жұмсақ, жеңіл және мықты емес. Сондықтан құрылыста, ағашты қайта өңдеуде қолданылады. Шыршадан жасалған музықалық аспаптардың дауысы керемет болады. Италиян скрипка шеберлері Амати мен Страдиваридың скрипкалары шыршадан жасалған. Шырша өнімімен қағаз және қатты қатырма қағаздар, целлюлоза, скипидар, канифоль майларын және ағаш сіркесін алады. Шыршаны жол жиектеріне жел ұстағыш ретінде егеді. Тұқымы, яғни бүрі орман құстары мен кеміргіштеріне тамақ ретінде қызмет етеді. Діңінің қабығы тері илеуде қолданылады. Көптеген елдерде жаңа жыл ағашы ретінде танымал.
Шыршаның барлық түрі күн көзін жақсы көреді. Сұрыпты түрлері жеңіл топырақты, ық жерлерде жақсы өседі. Жыл сайын сынған, майысқан бұтақтарын кесіп, реттеп отыру керек. Сүрегі жеңіл және жұмсақ, оны құрылыста целлюлоза - қағаз өнеркәсібінде, музыкалық аспаптар жасауға пайдаланылады; шайыр, қара май, скипидар, канифоль, сүрек сірке қышқылы алынады.
Жоғарыда көрсетілген мағлуматтарға сүйене келе, шыршаның қаншалықты пайдалы екеніне көз жеткізуге болады. Орман шаруашылықтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарджың арнайы дайындалған жерлеріне көшет отырғызу жұмыстары кезінде 1 гектар аумаққа орта есеппен 4000-5000 дана шырша жұмсалады. Жалпы, орманды қалпына келтіру жұмыстарына мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сондықтан, мемлекетіміздің орман қорын қорғап, сақтап және көбейте берейік!
Ерсалин Дархан
"Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы" РММ
Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің бастығы