23 қазан – Халықаралық «Қар барысы күні». Атаулы күн 2013 жылы Бішкектегі қар барысын қорғау туралы өткен дүниежүзілік форумда бекітілді. Қар барысы таралу ауқымы мен саны азая бастаған жыртқыш ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Дене тұрқы 125 – 135 см, биіктігі 60 см, құйрығы 90 – 100 см, салмағы 30-40 килограмдай. Түсі көк сұр, теңбіл шұбар, сақина тәрізді дөңгелек қара дақтары бар, жүні ұзын әрі қалың. Қазақстан мен Орталық Азияның биік тауларында кездеседі. Оның ең көп жүретін жері – басын мәңгі қар басқан тасты тік беткейлер мен қиялар. Қыста қар қалың түскенде, барыс таудың орманды белдеуіне дейін төменге түседі.















